![](/uploads/shorttexts/author_image/2022-09-15-22-33-12.png)
МҰХИТТАҒЫ ДАУЫЛ
Мына дауыл. . .
мұхитты сiлiкпек пе, ей?
Құс жолы қалай жатыр сынып кетпей?
Жұлдыздар тұр көздерi жыпылықтап,
Ай қалай тұр домалап, ығып кетпей.
Құпиясы көп қой бұл желдi күннiң,
Сыры да көп мұхиттық, көлдiгiңнiң.
Дауылдар да соқпайды ерiккеннен,
мен де оны . . .
ендi ұғып,
ендi бiлдiм. . .
Дауыл тұрады осылай соғып әлi,
Таудай болып толқынның шоғыр әнi.
Ендi бiлдiм. . .
жамылып қара түндi,
Мұхитқа кеп
Жер шары шомылады.
Кеудесiне кеткенде азап толып,
Көз жасы мен қайғыдан азат болып,
Көк мұхитқа шомылып,
тазарып ап,
Ақ таңды қарсы алады
ғажап болып.
Бұрылмай әңгiмешiл қауымыңа,
бұрылмай ойыныңа,
сауығыңа,
өлең де қара түнде туылады,
шомылып жандүние дауылына.
Дауылмен туады өлең дауыстасып,
Арманың қайта оянар алыс-қашық.
Ал таңертең
қарсы алады адамзатты,
қара жер мен қара өлең қол ұстасып.