ДАУЫЛ
Сұр дауылға шулай қашар көл ұнап,
Таулар қалды өзiн бұлтпен көмiп ап.
Ызың-ызың әнге салып қурайлар,
Тiрiлердi мазақтайды өлiп ап.
Құтырынып,
шыдамыңды жүз үгiп,
Жанды әлем жансыздарға сүрiнiп.
Ашуланып шағала-үн шарт сынса,
Тасбақалар тасын ала жүгiрiп.
Ұлы дауыл мең-зеңдiктi қамшылап,
Көңiлдердi құл-мiнезден аршып ап.
Махамбеттей бiр ғасырды шайқаған,
Екпiнiмен жалтақтықты жаншымақ.
Қара бұлтты шапшаңдыққа боятып,
Жалқаулыққа қалмағандай сая түк.
Мен де айналдым астаң-кестең дауылға,
Сөйлемдердi айқай салып оятып.
Қара дауыл,
Менi де сен жат көрме,
Отырамын қиялдағы қақ төрде.
Дауыл-өлең жазсам-ау деп армандап,
Тыныштықтан мезi болған дәптерге.
Мен де сендей,
өзi өзiме күн бермей,
Анаған да, мынаған да үлгермей.
Күллi әлемнен өзiмдi iздеп әуремiн,
Әлем де өзiн менен iздеп жүргендей.