25.07.2022
144
ШАЙТАН КӨЛ
Шайтан көл, рас па осы шайтандығың?
Нақтылы дәлелiмен айта алды кiм?
Бiр күнi - сағынышты тербетесiң,
бiр күнi - көркiң көңiл шайқар мұңын.
Қарашы тұнып тұрған таңға мына,
Бұл да, әлде, шайтандардың арманы ма?
Саған қалай шайтан деп ат қойды екен,
Шайтандар сонда сұлу болғаны ма?
Саған кiм шайтандықты тiледi екен,
Қандай ат қойғандығын бiле ме екен?
Жалғыз аяқ жол жатыр саған келген,
Шайтандар да iз тастап жүре ме екен?
Құшақтайды сенi алап мұңсыз ғана,
Сенi аңсайды қаншама гүлсiз дала.
Шайтандар шықылықтап күлед деушi ед,
Сенiң күлкiң – әдемi,
үнсiз ғана.
Самалыңды жұтқанда жан тыншығар,
жалқынданды келбетiң –
өртiң шығар.
Сұлулығың ойнайды сыйқыр түспен,
Шайтан деп жүргендерi – көркiң шығар.