Сабылып кiмнiң жиынында жүрдiк...
Сабылып кiмнiң жиынында жүрдiк,
етегiңдi қиып, өзiне жең еттi.
Қиғаш заманның қиығында жүрдiк,
иығында жүру керек-тi.
Жиналыстары асып-төгiлiп,
өзi-өзiн мақтап замана.
Бостандық елi қашық көрiнiп,
қайғы-шер жүрдi далада.
Халықтық арман жоғары тұрды,
Көз жасын жұтып жылаған.
Қызыл заманның қоғамы тұрды,
Құрақ көрпедей құраған.
Тiзiлiп сапта тұрады егес,
Егеспен қоғам тола ма?
Жалғыз-ақ күнде құлады Кеңес,
Құрақта тұрақ бола ма?
Жүзi қайтса да жебелерiнiң,
Аңсап жүр Кеңес желегiн,
Сөгiлiп кеткен көбелерiнiң,
Шегеден сұрап себебiн.
Ұлы арман деген ескек-күштерге,
Қуат бердi екен қай-қай шақ?
Ереуiлге шығып ескерткiштер де,
Бостандық сұрады айқай сап.
Аршылып көңiл жала-құмдардан,
Бостандық билеп сананы әр.
Балбал тас болып
дала қырлардан,
қарап та тұрды бабалар.
Көлеңкеде қап, күйiндi iшiң де,
тарихым, сен де тарықтың.
Көк теңiздердiң үйiндiсiнде,
Көз жасы жатыр халықтың.
Сексен алтының желтоқсанында,
Алаңда сол бiр қалдық бiз.
Тағдырым қатал жел тосқанында,
Азаттық жеңiп алдық бiз.
Қырғынмен келген бостандығыңа,
бөтеннiң тiлiн кигiзбе.
Көңiлiңдегi аспандығыңа,
жапырақ екен деп,
топырақ үйгiзбе.