25.07.2022
  170


Автор: Оңайгүл Тұржан

СҰЛУ КАСПИЙ

Көзді алатын көркемдік саған біткен,
Басқаларға қараушы ең балаңдықпен.
Іші-сырты келіскен сен бір сұлу,
Сұлулыққа қызығар адам біткен.
Қара мұнай –
Байлықтың төс-бедері –
Саған қара қайғы боп көшкен еді.
Сол қайғыңа таласып жатыр адам,
Шаттығың жоқ.
Ол болса не істер еді!?
Толқынға толқып келген күндер есте,
Оның бәрі айналды мұңды елеске.
Қызыл балық
Қып-қызыл күнге айналып,
Адамдардан қашады күнде кешке.
Ойланып жағада анау құм-зиялы,
Сені қорғап шулайды ну-қияғы.
Еділ өзен тамшысын үзіп беріп,
Жаық келіп шелектеп су құяды.
Шағала жүр толқыннан қалмаймын деп,
Жартас тұр бұдан әрі бармаймын деп.
Балығыңды аулайды ел,
Мен әуремін,
Сенің пәстеу көңіліңді аулаймын деп.





Пікір жазу