25.07.2022
  96


Автор: Оңайгүл Тұржан

САРЫ БЕЛДЕ САҒЫНЫШ КЕШКІРЕТІН

Тау мен тасқа жасырып сақтағаның,
Жазасынан аман қап ақ-қараның,
Туған ел, Амандығың жырлағанда,
Сүгірдің өзі екен деп жалт қарадың.
Түсіңе тізбектелген көш кіретін,
Сары белде сағыныш кешкіретін.
Мезі күннің түндігін сілкіп тастап,
Сұңқардың даусы осылай естілетін.
Ескі күннің ескі үнін үзбейтін жер,
Түйелерін қос-қостан тіздейтін жер.
Бір қазынаң – Амандық! Біле ме оны,
Маңғыстаудан тек мұнай іздейтіндер.
Аққулар жүр жағада ақ қар сынды,
Сұлу жыр шайып-төгіп жақпар шыңды,
Кешегі өтіп кеткен ақындарың,
Теңіз боп, толқын болып жатқан сынды.
Ақ арман, тоқтап қалмай желе тұршы,
Сәрсенбі күн, сәтіңді бере тұршы.
Қайтадан тірілгендей Сүгір-әлем,
Күдіктер, күңіренбей сөне тұршы.
Жыр сандықты ақтаршы, жыршы, кәні,
Даусыңда түн оянып,
Күн шығады.
Тас болып, Тау боп тіп-тік тұрамын деп,
Өлі құм да өмірге құлшынады.
Өмірге құлышанды дала мына,
Келдік біз хас бәсеке заманына.
Жыр байрағын жықпаған өнерімді,
Баптап,
Сақтап жүре алсақ жарады да.





Пікір жазу