25.07.2022
90
Қараша тауысты күзді ұрттап...
Қараша тауысты күзді ұрттап,
Жапырақ-көйлегін шешті емен.
Қар басқан сезімдей күңгірт бақ,
Күбірлеп,
Сырласып кешпенен.
Күздегі жазылған өлеңнен,
Ұшады тырналар тізіліп.
Күдіктің тауынан келем мен,
Алдымнан шықсаңшы, жүз үміт.
Шықсаңшы қолыңа шам алып,
Сезімнің ұршығы айналсын.
Керенау күндерім таранып,
Сұлулық тойында бәйге алсын.
Мені де шақырар жол аз ба?
Қайтайын сүт-түнге жолығып.
Мұңымды жазған ем қағазға,
Өлең ғып оқып жүр оны жұрт.
Күзгі аспан тұр тағы қамығып,
Алматы оянды жаңбырдан.
Сап-сары жапырақ жамылып,
Өкініш өтеді алдымнан.