25.07.2022
115
ҚАР ЖАУДЫ
Қар жауды тағы.
Қар жауды қырға.
Жып-жылы жазды ойға алдық.
Дала да, қыр да,
Өлең де, мұң да –
Бәріміз қарға айналдық.
Желтоқсан деген жағалы қыстың,
Үскірік дауыс – зіл батпан.
Қар басқан қайың қағады үстін
Көктемді күтіп қыр жақтан.
Қаңтар-ау,
Еріп кетуге тұр шақ,
Ақ қарың – аппақ жүрегің.
Меңсіз далада аяз тұр жусап,
Ұстатпай жанға жүгенін.
Қараша ауыл,
Ақ қарды кешіп,
Шыға алмай қыстан шақ тұрдың.
Қолдағы күрек,
Ақпанды көсіп,
Ауладан әрмен лақтырдың.
Боран боп қайнап, бүлкілдеп жатқан,
Қазаны қыстың, ортайдың.
Кеп-кеше ғана үлпілдеп жатқан,
Ақша қар, бүгін қартайдың.
Ақ аяз деген арланды баптап,
Қартайды ақ қыс төрде ана.
Ақша қар сынды армандар әппақ,
Қартаймайтұғын сен ғана.