Қолға тұрмай сусылдаған шағыл күн...
Қолға тұрмай сусылдаған шағыл күн,
Бірде күліп,
Бірде өксіп ағылдың.
Төңкерілген төбелер-ай, сағындым.
Жетегінде – жирен аты сағымның.
Көңіл де бір аққу сынды сыңар-ау,
Өрт болсам деп баптанады бір алау.
Мен келер деп күте-күте ауылда,
Сары жаздың жібі тозған шығар-ау.
Әйлеңкес жел құмды оятып қырдағы,
Жеткен шығар елге күздің сырлы әні.
Жүрмін аңсап жусан бойлы даламды,
Сағыныш тұр зереңінде тұнғалы.
Сабырлы ойды сабалақ жел жұлмалап,
Аппақ айға телміріп тұр түнгі алап.
Қызыл-жасыл өңі қашты даланың
Күзге сіңген ерніндегі гүл-далап.
Ақ қағазда қалайын деп, пырақ-күн,
Қыс ішінде өлең болып гүл аттың.
Кемем қалды толқынында сұрақтың,
Ақ шаш болып аялдады бұлақ-күн.
Көктем келіп қала ма деп сазын ап,
Қыс та кетті қарлы әнімді жазып ап.
Ойда жоқта келе қалған, ей, бақыт,
Ең болмаса сен тұра тұр азырақ.