25.07.2022
  126


Автор: Оңайгүл Тұржан

ТЕҢІЗ. БАЛБАЛ ТАС.

Қарт Каспий.
Жартас қалғиды.
Кемелер тоқтар шаршап кеп.
Толқындар көкке қарғиды,
Тау болып тұрып қалсақ деп.
Туған жер – мәрмәр кемесің,
Алдың – құм,
Артың – көк теңіз.
Сүйрейді тарих-кемесін,
Өзіңнен бізге жеткен із.
Қыратта тұрған тас-ұлда,
Қорғайтын сені айбын бар.
Бір тамшы ыстық жасында,
Кеме жүзер қайғың бар.
Серіксіз боп ол көрген жоқ,
Серігі – мәңгі жалғыздық.
- «Кеудеңе барып сөнгенде оқ,
біз
ұрпақты қорып жанды үздік».
Дейді ол қайғы қамалап,
Төзімі құмдай еріп бір.
Жас болып көзден домалап,
Тас болып енді келіп тұр.
Тас болып содан әлі тұр,
Атайды ел оны балбал деп.
Құлағың түрсең зары тұр:
«Тірілмек қайта – арман» деп.
Қалған жоқ ойың қамаулы,
Болған жоқ, Елім, басың құл.
Бабамның жаны жалаулы,
Ал сүйегі асыл тұр.
Әкетті ерді толқын күн,
Тауларды жұтқан сағымдай.
Сол ерлер өскен алтын құм –
Халықтың алтын тағындай.
Сенің де еншің – тақ осы,
Тақытты қорғау – шарты ұлдың.
Білесің бе оны,
Ей, бота-тірсек баласы,
Атан-жілік халқымның?





Пікір жазу