25.07.2022
107
ҚАЛА
Күнге еркелеп сылқ-сылқ күлетін,
Ақ бұлақ жоқ сыйпай ағар түн етін.
Оқиғалар келе жатыр көшеде,
Кітаптарға кіріп-шығып жүретін.
Күнде көшіп жатқан сынды тамам ел,
Көңіл – бәрін көтеретін қарагер.
Көп ішінде жылғыздықтар адасып,
Көліктерге сүрінеді қара жер.
Қалада жүр алмас тілім мұқалған,
Сонда да өлмей тек жақсылық күте алған.
Тайыздықты татып-татып дәм сезбей,
Жұтаңдықты жұта-жұта жұқарған.
Мына заман сәл нәрсеге елеңдеп,
Үркек атқа мінгендейін келем-бек.
Жылнамалар тұру керек жерлерде,
Жарнамалар жөн бермейді көлеңдеп.
Жарнамалар танымадым түріңді,
Ұсынасың қолдан жасап гүліңді.
Мен де оларға айтпақ боп ем бір нәрсе,
У-шу болып түсінбеді тілімді.