25.07.2022
  124


Автор: Оңайгүл Тұржан

ЕСЕПТЕГI ТӨРТ АМАЛ

Ұлы өмiрдi ұлы етедi құйлыстар,
Көбейту мен бөлу де бiр күйдi ұстар.
Қосулар жүр бiрiн-бiрi молайтып,
Өзiн өзi толтыра алмай минустар.
Есептегi төрт амалдың сан әнi,
Тiршiлiктi құлатпаудың қамалы.
Алып,
Қосып,
Кейде бөлiп,
Кбейтiп,
Төрт амал тұр ойлап тауып жаңаны.
Төрт амалдан дүниеге күш тарап,
Қызыл гүлдер көк мұзға кеп қыстамақ.
Жүз қабатты зәулiм үйлер түрегелдi,
төрт амалдың төрт жағынан ұстап ап.
Сол төртеуi – тiршiлiктi арқалар,
солар ғана небiр сырды шерте алар.
Көз iлеспес шапшаңдықты оятып,
Ұшақтарды ап жүгiредi төрт амал.
Төрт амалым –
Бау-бақшаның миясы,
байлық пенен молшылықтың ұясы.
Төрт амалға өзiн малып алады,
Өлең жазар қаламымның сиясы.
Төрт амалым – төрт құбылам деген бар,
Сен өлшейтiн ұзындық бар, көлем бар.
Адамдардың жан байлығын өлшейтiн,
Бесiншi амал етiп ендi
Өлеңдi ал!





Пікір жазу