Тентек жел
Тентек жел
Шашын жұлып шаптыққанда,
Қаңбақ ұшар iлесiп дақпырттарға.
Ала жаздай бiр тамшы жаңбыры жоқ,
Құр қол келiп кетедi ақ бұлттар да.
Алатаудың жетер ем бұлтын ала,
Көнбейдi ол сөзiңе де, ырқыңа да.
Далада сап-сары боп күйiп кеткен,
Сағыныштың қалыпты сырты ғана.
Бұл дала небiр мiнез жасайды анық.
Уақыттың да жүйткидi тасы айналып.
Сахнадан адасқан билер сынды,
Далада өлер құйындар басы айналып.
Кеудесiндей киiктiң дала жоны,
Үн-түнсiз қалады сол,
Қалады оңы.
Елсiзде келе жатсаң,
Қарсы алдыңнан,
Жүгiрiп өте шығар қара жолы.
Қара жол.
Кiмдi iздейдi?
Қай таңбасын?
Бiледi ол жанға мұңын айта алмасын.
-Қай жаққа барасың?- деп. сұрашы одан,
-Еш жаққа бармаймын,- деп шайқар басын.
Жаз кетер.
Күз де кетер жүз белгi сап,
Жел де кетер жұтып ап iздердi ұсақ.
Тек қара жол кетпейдi бұл даладан,
Қалаға көшiп алған бiздер құсап.
Құм оны көмбесе екен бұйраланып,
Үзiлiп, сөнбесе екен қидаланып.
Бiр күнi ол да кетiп қалмаса екен,
Өзiн мына даладан жинап алып.