25.07.2022
  80


Автор: Оңайгүл Тұржан

Көнбiстiктi қадап алдық түйме етiп...

Көнбiстiктi қадап алдық түйме етiп,
Көшпелi күн
Бердi бәрiн үйретiп.
Тоқырау жыл,
Ол да кеттi өкiне,
Ұрандардың өлiктерiн сүйретiп.
Өкiнiшiн алып кетшi шулатпай,
Кербез уақыт көз алдайды бұлғақтай.
Берерi жоқ күндердi де,
Амал не,
Жұта бердiм құрғақтай.
Қайшылықтар –
Жылқы дауыс, түйе бет,
Күншiлдiктiң күлiнде отыр үйелеп.
Надандықпен айқасам деп жүргенде,
Жылдарымды тауысады-ау күйе жеп.
Өлеңiм-ай! Ол да өкпелi сыңайлы,
Күрсiнедi. Түнде оянып жылайды.
Ақтық демiн алақанға салып ап,
Келедi үнсiз,
Менен өмiр сұрайды.
Ал мен деген –
Тiршiлiктiң құрбаны,
Уысымда қалған өмiр жұрнағы.
Сол өмiрдiң шаңын сүртiп әуремiн,
Тереземде - қайтып жатқан тырна әнi.
Белгiсiздiк араласып тағдырға,
Сұрақтардың сары даласы – алдымда.
қақсып келiп сағыныштың шөлiнен,
өзiмдi өзiм жасырамын жаңбырға.
Шырмауынан шыға да алмай ас үйдiң,
Жандүние түкпiрiнде жасиды үн.
Сонда-дағы мың түсiп мен мың шығып,
Үмiтiмдi тау басына тасимын





Пікір жазу