25.07.2022
  103


Автор: Оңайгүл Тұржан

Ақ қарды араладым сағынардай....

Ақ қарды араладым сағынардай,
Жел тұрса, әлем тағы қағынардай.
Қорқа ма менен қалып қоямын деп,
Іздерім ілеседі жаны қалмай.
Сағыныш, сары аяз боп өшесің бе?
Қырық байлам күдікті шешесің бе?
Ой-санамды сабалап үрлейді қар,
Ауылдың жыртық етік көшесінде.
Ақпанның аң-таң болып тірлігіне,
Жынды жел үңіледі түндігіне.
Бірі – қар,
Бірі – аяз –
Қос Үкімет,
Ауылдың таласады билігіне.
Ауылымның көңілі – көктемінде,
Көктем кеп, көңілге нұр төккенінде.
Қызыл гүлді оятып қыр самалы,
Ақ қардың қырдан қашып кеткенінде.
Қаптаса бәйшешектер – қолғанаттар,
Көбелек – қызыл қанат, сары қанаттар.
Тау басынан көктемге қараса үркіп,
Ақпанынан адасып қалған ақ қар!





Пікір жазу