25.07.2022
  108


Автор: Оңайгүл Тұржан

Алыста қалды анау қала, бақ..

Алыста қалды анау қала, бақ,
Мен жүрмін қалың ой қамалап.
Көктемнің соғады самалы,
Таулардың тағдырын аралап.
Таулар ма ?
Тау деген – тас айдын.
Тастардан төзімді жасаймын.
Шашылған тірлікті теріп ап,
өмірдің мүсінін қашаймын.
Ақыл-ой!
Кел отыр қасыма.
Ақ кіріп қалыпты шашыңа.
Қытайдың қорғаны сияқты,
Шаттықты жасайық асыға.
Қиратып надандық түрмесін,
Жасайық ұлылық іргесін.
Келешек күндердің баласы,
Бізді де кінәлап жүрмесін.
Бабамның ақылы қандай деп,
Кетіпті сара жол салмай деп.
Өмірдің сықпыты мынау ма,
Ал сонда өлімі қандай деп.
Осынша даланы шырайлы,
Мыңдаған бөлшектер құрайды.
Даланың қиыршық тастары –
Олар да тау сынды жылайды.
Себебі – олар да тау болған,
Ол таудан аса алмай жау қалған.
Қартайды. Бала-тау өсірді,
Өзгенің назарын аударған.
Өсіңдер, тауларым, бата алып,
Қалмасын тірліктің аты арып.
Адам боп,
Тау-тас боп – бәріміз,
Жатамыз Жер-Ана атанып.





Пікір жазу