25.07.2022
77
ОЙ-ЖАПАНДА ЖАЛҒЫЗБЫН
Ой-жапанда жалғызбын.
Өшкен ымырт
түнгi аспанын ұсынар кестелi ғып.
Түсiнгенмен бола ма пана маған,
Басқаның бақшасында өскен үмiт?!
Шеген-ой шемiршек боп басталатын,
Шабысыңды үдетшi, қосқан атым.
Маңғазданып қарайды мәнсiздiктер,
Бұлттар да жүр жамылып аспан атын.
Толқын өлер жартасқа құлашты ұрып,
Төбе едi, ендi тауға ұласты үмiт.
Бiлмейдi-ау бүтiн болып жарытпасын,
Жел әуре жал құмдарды құрастырып.
Серпiл, көңiл, өлеңге шерiң айтып,
Жан тазарар сағыныш әнiн айтып.
Ұлы арманға төте жол салынғандай,
қашықтықтар кеткендей керi қайтып.
Ой жетпеске жетудi ойлағанбыз,
Аязда да өртенiп қайнаған – бiз!
Қашықтыққа айқай сап, тоқта деумен,
көз жетпес бiз де алысқа айналармыз.