25.07.2022
95
Киіз тірліктің...
Киіз тірліктің,
Мүйіз дауында,
Сыбырға айналды айқайым.
Шағылған тауыңды,
Қымызды ауылға,
Арқалап енді қайт, айым.
Сарғайған ойдың, желіне күйіп,
жұлдызын түннің теремін.
өлеңнің жолын келіге түйіп,
кереге-күнмен еледім.
Арманға ертең жетейін деп ем,
Жүз сұрақ мида жарысқан.
Көтеріп бәрін кетейін деп ем,
Күшіңді берші, арыстан.
Ұйқыға кетіп барады қала,
Көшенің шамы есінеп.
Көз ілмес жырдың жанары ғана,
Көңілім, түнді кешіп өт.
Талайға сенің пейілің күлген,
Ей, бақыт, маған көш енді.
Бір ұрттам сұрап мейіріміңнен,
Тосамын мен де кесемді.