25.07.2022
  88


Автор: Оңайгүл Тұржан

АЛАТАУДЫҢ АҚ ШЫҢЫ

Биiктiктi сақтау да бiр күш еңбек,
Сол еңбекпен қайнап, бiз де пiсер ме ек?!
Алатаудың ақ шыңы тұр айқайлап,
- Жалықтым мен, ендi жерге түсем, - деп.
Сағынышы ыстығымен өпкендей,
Ол ыстыққа Мұзды мұхит кепкендей.
Жанарында мөлдiрейдi бiр тамшы,
Ол тамшысы - Балқашты әкеп төккендей.
Сағынасың.
Мұңыңды айттың тасқа да,
Шырша-шырша кiрпiгiңнен жас тама.
Махамбеттер құмы үшiн жан қиған,
Сен де шыда! Биiгiңдi тастама.
Түсiп кетсең, бұлақ шабар қапталдап,
Найзағайлар iздер сенi оттарды ап.
Ал бұлттарың кезер жердiң асты-үстiн,
- Алатауды жоғалттық! - деп аттандап.
Сұрауың - бар.
Ол да бақыт қылаусыз.
Асқақ өмiр орнатам деп бұғаусыз,
Қара жерде жүрген талай ерлердің,
кезiнде арты қалған жоқ па сұраусыз.
Гүлдерiң бар жанарынан жаз тамар,
Биiгiң бар қарай-қарай көз талар.
Түссең, ешкiм өзi түстi демейдi,
«Оны Аспан лақтырған!» деп сөз тарар.
«Лақтырған!» - деп сөзден сөзге өседi,
Ғасырлардан ғасыр аттап көшедi.
Сөйтiп тауды жер қылып бiр тынады,
Бiзде таудың аздығы да осы едi.





Пікір жазу