25.07.2022
  83


Автор: Оңайгүл Тұржан

ТОЛҚЫНДАР ТҮНДЕ ҰРЛАНДЫ

Көк теңіз жатты жалқын көк,
Шулап бір толқын тұрған-ды.
Таңертең тұрса,
Толқын жоқ,
Толқындар түнде ұрланды.
- Кім алып кетті? Кім көрді?
Айқай сап теңіз сұрады.
Жартастар айтты:
- Түн көрді!
Көк теңіз жасын бұлады.
Ал түннің жайы белгілі –
Тірі жанға айтпас көргенін.
(тек...
дұрыс түсін сен мұны),
Айта алмас жұлдыз өлгенін.
Талқан ғып таңды жеңсе де ол,
Ештеңе айтпас далаға.
Көргенін айта берсе ол,
Онда ол өр түн бола ма?
Айтпайды түн боп келген соң,
Тек өзі азап шекпек ол.
Көргенін жұта берген соң,
Қап-қара болып кеткен ол





Пікір жазу