СҮЙЕКТІМ! АЛТЫН ТИЕКТІМ
Қой тастар – таудың елшісі,
Ұсақтап кеткен демеңіз.
Надандық – жаудың елшісі,
Қайраңға тартар кемеңіз.
Барыңды бордай ұсатпақ,
Көбелек-ойды қуғандар.
Жалаңаш сөзді құшақтап,
Шешінген газет-журналдар.
Заман тұр әрі-сәріде,
Надандық, міне, түсті алға.
Ет өліп кетті бәріне,
Тірілтіп алар күш бар ма?
Шөпшек пе екен,
Шөп пе екен,
Тани алмадым түріңді.
Тартқыламақ-а көп бөтен,
Көкпар ғып қазақ тілімді.
«Біз – қазақ!» деге ұлыны,
Тау қылып қайта құрарға,
Махамбеттердің сынығы,
Екшеліп құмнан шығар ма?!
Екшеліп.
Құмнан оянып,
Тасқа бір жанып мәрт тілін.
Ақырып!
Белді таянып!
Сұрайық біз де бақ құнын.
Көкте жүр анау шыңдарым,
Хабар айт барып, құба жел.
Бұғынып жатқан, мұңдарым,
Ерлікке айналып шыға кел!
Сағыныштарым, сарғайған,
Сен де бір жатқан түмен ел.
Көк көйлек киіп шалғайдан,
Көк туым болып түрегел.
Ән-жырым – Біржан-тұлғалым,
Төлеген-күйлер жақұт кіл.
Қақсыған адай-құмдарым,
Ұрандап қырдан атып тұр!
Құбылған заман құзына,
Жел болған кімдер өбектеп?
Мазмұнындағы мұзына
Шілде тасиық шелектеп.
Ал, Тілім! Сынба! Алғызба!
Сүйектім!
Алтын тиектім!
Шыңдаған өзің қар-мұзға,
Қазақты өзің ірі еттің.
Сенікі жеңіс түбінде,
Жаныңда жүрсе табанды ұл.
Жауың көп сенің бүгінде,
Мықтылығың болар бұл!