25.07.2022
  134


Автор: Оңайгүл Тұржан

ШЕТПЕДЕГІ ҚАРАТАУ

Шетпедегі Қаратау – арты қылаң,
Қорғап тұрар солтүстік салқынынан.
Биіктетіп тау дейді ел
Биіктігің –
Алатаудың келеді балтырынан.
Сай-сала, тоқсан бұрым, мың бір тарам,
Бұл күнде мың бір нала-үңгір табам.
Тауларым – қара жердің қабырғасы,
Қабырғаңды тіледі шынжыр табан.
Бақ еді – бұлт ішінде сөнсең қалқып,
Балдай бір сезімдерге өлсең балқып.
Тас қып тиеп алды да, кетті адамдар,
Көлігіне құлаған еңсеңді артып.
Бұлағыңды ішті де қала сарқып,
Енді сенен төбенің бағасы артық.
Жел үрлесе, ұшардай үгітілдің,
енді сені құм дейді ел аласартып.
Қирап жатып, қарайсың маң далаңа,
Маң далаң – түк түсінбей қалған ана.
Амалсыздан өз әнін үзіп тастап,
Басқа ән айтып жүргендер сен ғана ма.
Барсың ба, жоқсың ба – кім бағамдайды,
Үмітің көз ұшында тағы алдайды.
Құмның әнін айтасың енді сен де,
Бірақ ол құмның да әні бола алмайды.
Қаратау – қара тамыр, арналасым,
Қалған өмір, мысалы – қалған асың.
Дала тауын кім аяр, өздерінің,
жүрегінде таулары болмағасын.
Келбетіңе үлде мен бүлде берген,
Қаратау – күрең көшім күнде көрген.
Сен де бір күн жым-жылас боламысың,
Елдердей тау боп туып, құм боп өлген.





Пікір жазу