25.07.2022
  93


Автор: Оңайгүл Тұржан

АҚ ҚАЛАМНЫҢ ҰШЫНДА ҚАШҚАН КИІК...

Жан біткеннің жүрегін аралай кеп,
Түн-шабытым ақырын қағады әйнек.
Жүрегімде ақ таң бар, ал кигенім –
Қара түннен тігілген қара көйлек.
Кірпігіне мұз қатты қарашаның
Бәйге-күнмен жарысып, таласамын.
Түнгі аспанның жұлдызын жетегіме ап,
Ақ дәптердің бетінде адасамын.
Арман шығады алдымнан асқар биік,
Таулар шығады алдымнан аспан киіп.
Ақ дәптердің бетінде жазық дала,
Ақ қаламның ұшында – қашқан киік.
Қашқан киік! Жоқ оның тоқтамағы,
Сөз-орманға енеді. Жоқ болады.
Топ қарлығаш ойымнан пыр-пыр ұшқан,
Өлеңнің жолдарына кеп қонады.
Түн осы – сан әуенді.
Боямалы.
Дөңгеленіп ақ таңға таянады.
Түніменен тербеліп,
таң атқанда,
Ақ қағазда қара өлең оянады.





Пікір жазу