25.07.2022
  127


Автор: Оңайгүл Тұржан

АЙНАШҚА ЖӘНЕ БАЗАРДА ЖҮРГЕН БАРЛЫҚ ӘЙЕЛГЕ

Қашықтықтар жылдамдықпен арбасып,
Темiржолдың құрыш даусын шаң басып.
Стансалар шығады алдан у-шу боп,
Пойыздардың бұйдасына жармасып.
Терезеден өтiп жатыр замандар,
Таусылмайды жанды асырар амалдар.
Қапшықтарды үмiтiндей сүйреген,
Әйелдердi әлдилейдi вагондар.
Бiр жолменен әрi-берi жүз өтiп,
Сүйреп жүрген үмiтiне сыз өтiп.
Тауарларын сәбиiндей аялап,
Қапшықтарды бесiгiндей күзетiп.
Жiгерлерiн тоздырмашы, түндiк-мұң,
Артына бiр қарамады бұрылып күн.
Шабан аттай жүрiсiнен шаршады ол,
Табанына тiкен кiрген тiрлiктiң.
Көктемдердi мәжiлiске жиып ап,
ұрыссам ба тас-жiгердi түйiп ап?
Жолыңа әкеп жарық қылып iлсем бе,
Аспандағы жұлдыздарды қиып ап?!
Қашықтықты түйелерге артып ап,
Болашаққа барсақ, шiркiн, жарқырап.
Маңдайыңа қадап қойғым келедi,
Әлемдегi бар бақытты қалқып ап.
Гүл-заманға жетемiз бiз таңдар ап,
Бар жақсылық жүрген шығар жол қарап.
Қазақ елi деген ұлы Отанға,
сен бақытты тасып жүрсiң дорбалап.
Мұндай ерлiк жасады әйел қай елде?
Молшылық кеп, бақыт қанат жаяр де.
Зор ескерткiш қояр сонда балалар,
қапшық сүйреп келе жатқан әйелге!





Пікір жазу