Атқа мiнген жаманға...
Атқа мiнген жаманға,
Алтын басты игiздiк.
Сүйегi сынық қоғамға,
Бүтiн көйлек кигiздiк.
Дiнiң кеттi дегенше,
Дiңiң кеттi десеңшi.
Шеттiң тiлiн шайнап жегенше,
Қу даладан көсiк терiп жесемшi.
Сары құмнан сауыт киген далама,
орман ексе – бола ма?
Сары сауытын шешiп ап,
торқа жапса – тоңа ма?
Күмiлжiдi қырсыздық,
Айқай салды үнсiздiк.
Бостандыққа барар жол –
мың түзеттiк, мың сыздық.
Бекем бел буған түздердiң,
үмiтi талай жоғалған.
Бақыттан дәме үзген кiм?
Шашыңды жина, қара орман!
Жанған отты жалғастыр,
Надандықты жайпап түсер өртiңдей.
Тiрiл қайта, алмас тiл,
сексеуiлдiң сертiндей.
Көңiл дейтiн асылға,
Күш берер ем таба алмай,
Жиырма бiрiншi ғасырға,
Кешiгiп қалған адамдай.
Асығып келе жатырмыз,
Ындыны кепкен ымыртта.
Қырық сынық тақыр – бiз,
Сағың неден сынғанын ұмытпа.
Бостандық деген боз үй түр,
Қырықтан қыдыр құрар деп.
тiлiң мен дiнiң –
мойныңа таққан тұмар деп.
Сол екеуi сау болса,
Сынықтан бүтiн өсiп шығар деп.