МАҢҒЫСТАУҒА ШАҚЫРУ
Маңғыстауда маңып жүр кереметтер,
Бір-бір мазар көтерген төбе-бөктер.
Кемер құмның көзінде кеңеседі,
Сары далаға үй тіккен ебелектер.
Қара жердің жонында қамқа тұнып,
Қарсы алар «Қаламқастай» қалқа тұрып.
Бел-белестен келеді бұрым-құмдар,
Шерқаланың шеріндей тарқатылып.
Шыңыраулар.
Мәрт қой ол – көне көзім,
Қара жерге қадалған жебе де өзің.
Иен далада иесіз қалғаннан соң,
Ішке құлап шыңырау көмеді өзін.
Тереңіне қауғалар құлап барып,
Су емес-ау,
Шығатын күй ақтарып.
Кеуіп қалған түн-түбің шықты алдымнан,
Қайғының қара көзі сияқтанып.
Тағдыр-ай!
Тағдырымыз тарғыл мынау.
Жыртық шекпен тарих бұл сан мың құрау.
Маңғыстаудың бүгіні бақыттырақ,
Өткені сізден гөрі сәл мұңдылау.
Тебіреніп,
Көркем көңілі даланы ұғып,
Ел кешкен ескі нала сананы үгіп,
Көк теңіз Көк туымдай толқып алып,
Көк бөрінің даусына салады ұлып.
Жел бізді өзге жерге мақтап барған,
Ол жырды бала кезде жаттап та алғам.
Ғасырдан ғасыр аттап қой тастар тұр,
Маңырап бара жатып тоқтап қалған.
Келіңіз!
Сіз де шабыт аласыңыз.
Сол жердің шөлін ішкен баласы – біз.
Сескенбеңіз ақ құмның ажарынан,
Бұлтты кешіп жүргендей боласыңыз.