КАСПИЙ КҮНГЕ ҚЫЗДЫРЫНЫП ЖАТАДЫ...
Каспий күнге қыздырынып жатады,
Тоңып қалған екен ғой деп ойлайсың.
Каспий кейде қозғалмастан жатады,
Өліп қалған екен ғой деп ойлайсың.
Кеме көрсе, қуып бара жатады,
Кеме мініп кетіп қалсам дей ме екен?
Көз жасымен жуып бара жатады,
Көкбөрі елге жетіп қалсам дей ме екен?
Сағыныштан сапырылысып өрт үні,
Кейде даусы ентігеді желем деп.
Кейде оның қарғиды асау толқыны,
Алыстағы Алатауым көрем деп.
Қарап жатып шағалалар көшіне,
Тұтқиылдан тап беруін қоймайды.
Бала кезі түсіп кетсе есіне,
Толқындары Айды доп қып ойнайды.
Жата қалып жұлдыздарды санайды,
Көк Тәңірді жорамалдап табарға.
Толқын сосын жүз бұрылып қарайды,
Жағадағы жалғыз тұрған саған да.
Сосын сен де сол толқынға жанисың,
Теңіздейін өрілетін сөзіңді.
Сонда ғана, сонда ғана танисың,
Көкбөрі-оймен толқып тұрған өзіңді.