25.07.2022
  119


Автор: Рахат Қосбармақ

ҮРІМЖІ

Үрімжі – үлкен қала, үлкен арман,
Бұлт болып боз мұнары бүрке қалған.
Көшесі – сапырылысқан қара қытай,
Көрінбес көңілдегі күлтелі арман.
Беу, мұнда арман түгіл, ажалыңды
Көлденең көлік біткен тіркеп алған.
Ақ жолды түсімде емес, дәл өңімде
Алланың аян-сөзі сілтеді алдан.
Адамның өмірі онда бұйым емес,
Кезігер кез-келгенге құйын-елес.
Селт етіп сенің мұнда бар-жоғыңа,
Ешкім де өткізбейді жиі кеңес.
Бұл – бірақ бұрқ-сарқ еткен булы қазан,
Біз көрген шаһарлардай бұйығы емес.
Қалтаңда қаражатың бола тұра,
Ал мұнда аштан өлу қиын емес.
Көшесі – кезіп жүрген елес екен,
Ешкімге ешкім керек емес екен.
Толқыған дариядай топан-халық
Дейтіндей: «Бізді «жалқау» демесе екен».
Түнімен тыншымайтын беймаза елді
Таң атпай жүгіртетін – өңеш екен.
Қытайдың зор болатын елі осы да,
Орыстың қор болатын жері осы екен.
Өзіңді өзің жұрттан бөлектейсің,
Бөтеннің жерін, сірә, төр етпейсің.
Жат жерде жайраң қағып жүру қайда,
Сен мұнда тек Аллаға керектейсің,
Самбырлап қара қытай қаптағанда,
Салдырлап, түбі түскен шелектейсің.
Жалтаңдап, тіл білмейтін тірі міскін,
Жақсылық тірі жаннан дәметпейсің.
Фәниде бергенің аз, аларың көп,
Пендеміз – періштеге талабың жоқ.
Бақытын басқа тепкен адамды ешкім
Басынан сипамайды «Қарағым» деп.
Ине де салдырмайтын қайран басың
Илеуге көнеді екен, амалың жоқ...
Ой, Алла-ай!
Аспанында бір жұлдыз жоқ,
Қаншама қарасам да, санағым кеп.
Көрінбес көңілді жан жөргемділеу,
Көзіңе көлгір қарап, күлген біреу.
Жұлқынып, жұртты қаға алға ұмтылып,
Жұтқын үшін тек өмір сүрген біреу.
Сазарған жылуы жоқ сазбеттерге
Қиындау «Бері салғын іргеңді» деу.
Бетінде жылуы жоқ, бұдыры жоқ,
Сезімін жерлеп тастап жүрген біреу.
Деуші ме ед: «Көре-көре, көсем болар»,
Тағы да «Сөйлей-сөйлей, шешен болар».
«Көргенің – дәл мынадай көр болғанда,
Көрмегің бұдан өткен» десем болар.
Түбінде аспан астын алатұғын
Бүгінде озып тұрған осы ел болар.
Қылғынып қытай саған сөйлегенде,
Жыр қылып айта жүрер әсер қалар.
Жабықса, жасық көңіл жан қайғы алар,
Дүние бетін бұрмай, арты айналар.
Көңілге түрлі-түрлі түйткіл түсіп,
Көгіңде жазғы аспанның жалты ойналар.
Кемеңді кең айдынға салған дұрыс,
Тереңді көрмегендер таңқы ойланар.
«Қытайдың құдіретін білгің келсе, -
Дейді екен, - Бейжің емес, Шанхайға бар!».
Бұл шаһар байлық пенен барға құмар,
Сәт сайын ашкөздігі аңғарылар.
Қытайдың қырық айлалы саясаты,
Құбылған «шындығы» мен жалғаны бар.
Осында Отан қылып, орда туын
Ұйғырдың ұстай алмай қалғаны бар.
Көмілген көкіректе зар-мұңы мен
Ұлтымның ұмытылған арманы бар.
Бұл жерге бұлтымды мен төкпей кетем,
Алтай мен Шыңжаңды асып, көктей кетем.
Өмір де махаббатпен өркен жайып,
Көңіл де тек жылуға көктейді екен.
Дүния сырын ұққан данышпандар:
«Дүрия мұңсыз мекен жоқ» дейді екен.
Қаншама «Қапастағы ел» десем-дағы,
Қайран ел, саған ешкім жетпейді екен!
Қазақстан, саған еш жетпейді екен!





Пікір жазу