25.07.2022
  137


Автор: Рахат Қосбармақ

ҒАСЫР ЖАЙЛЫ ҒАЗАЛ

Уақыт!
Мені айырма тірегімнен,
Кездерім аз жолыма гүл егілген.
Күн өткенге көкірегім қарс айрылар,
Күңірене біледі күле білген...
...Түлкі-жанар жымсияр түнегіңнен,
Түршігемін түтіккен түр-өңіңнен.
Келер ғасыр!
Келмей-ақ қойшы бізге,
Мен қорқамын сенің сол сүреңіңнен!
Мен қорқамын:
«Мейірім жоғалар» деп,
«Адам жанын әзәзіл аралар» деп.
Інілердің ізеті түгесіліп,
Аярлыққа бой ұрар ағалар көп.
Мен қорқамын:
«Адамдар аза ма» деп,
«Заман азып, заңың да тоза ма» деп.
«Санасызға жібімей Жер жарықтық,
Сазбеттеніп төнер, - деп, - сазара Көк».
Мен қорқамын:
«Арналар тартылар» деп,
«Адамзаттың арманы сарқылар» деп.
«Қыздан қылық кетіріп, ұлдан ұят,
Пенделердің пейілін тар қылар» деп.
Қорқыныштан жүрегім жүз бүктелер,
Уменен тең уайым тізбектелер.
Мен күтемін сол сәтті –
Соры қайнаған
Пенделерді періште іздеп келер.
Мен қорқамын:
«Бір зауал жете ме» деп,
«Басымыздан бақсыз күн өте ме» деп.
Мен қорқамын:
«Қазақтың қаны сұйып,
Елдің-дағы елдігі кете ме» деп.
Мен қорқамын:
«Жауыздық жалғасар» деп,
«Дарындыны дүмшелер дарға асар» деп.
«Қазақстан» дегеннің орнына
«Азапстан» деген сөз алмасар» деп.
Мен қорқамын:
Өз басын даралау көп,
«Кете ме, - деп, - кесірлер керенау боп».
«Іздегендей түйір дән түмен-құмнан
Түк таба алмай түбінде қалам-ау» деп.
Қорқамын мен,
Қолымнан не келеді?!
Қорқау-уақыт бәрін де шегереді.
Келер ғасыр!
Кетпеші келемеш қып,
Төбемізге төңкеріп тегенені!
Парықсыз күн зерлемес таңды нұрмен,
Пайдаланар сәтіңді сәл бүгілген.
Мейірімге шөлдейді мынау ғасыр,
Мен жақсылық күтпеймін алғы күннен!
Осыны ойлап, әз-жаным күйінеді,
Қасіреттен қабағым түйіледі.
Жиырма бірінші ғасырға жеткім келмей,
Шақырып жүр Жер-бесік жиі мені...





Пікір жазу