ЖАЗДЫҢ ЕҢ СОҢҒЫ КҮНІ
Жаздың ең соңғы күні!
Жанарыма жас үйірме сен бұлай,
Түнермеші, тілеуіңді бергір-ай!
Қысқа ғұмыр қиналыспен өтпесін,
Кешірімің көп еді ғой, кең Құдай!
Ең соңғы күн!
Ауыр неткен салмағың!
Аяғыңда жанышталды Арманым.
«Қолдағай!» деп, қолым жайдым аспанға,
Қозғап бүкіл ата-баба әруағын.
Соңғы медет тұтарым да сол бүгін,
Сорғалаған көз жасын көр сорлының.
Қайғыңменен қамырша илеп бейбақты,
Қабағыңды түйе берме, соңғы күн!
Қарсы алатын қауқарым жоқ қатерді,
(Азамат деп санамағын аты ерді).
Ең соңғы күн!
Еңіретіп бір кезде
Арамыздан ап кеткенсің Әкемді.
Тағы қысып тасбет тағдыр кісені,
Үзілген-ді үмітімнің ішегі.
Көкжиектен көтерілсең Күн боп сен,
Содан бері Әкем еске түседі.
Ең соңғы күн!
Маған бұлай қарама,
Тойған жанмын «шүкір» менен «тобаға».
Қуат біткен, шуақ күткен пендеңе
Шаттық сыйлар сәтің, сірә, бола ма?!
Көкірекке мұнар-мұңды сезім кеп,
Көпшіліктен көңіл қалған кезім көп.
Өмірімнің жаймашуақ жазының
Ең ақырғы күні болма өзің тек!
Соңғы күнім сен болсаң –
Жанарынан жарық сәуле, нұр кеміп,
Қаламынан қайрат жиып, түргеліп;
Ақырғы рет ашар көзін онда ақын,
Соңғы күні жазған сорлы жыр болып...