25.07.2022
  157


Автор: Рахат Қосбармақ

БИІКТІК

Ау, биіктер, зау биіктер, биіктер!
Өздеріңмен жаны заңғар, иықты ел.
Аспан жаққа алақаным тосайын,
Бұлттарыңнан бұлақ суын құйып бер!
Оу, биіктер, құлау биік, құзар шың,
Жан сырымды жалғыз сендер ұғарсың.
Жерқұрт сынды жердің мынау төсінде
Тұлғаң Тұран сипатты боп тұрарсың.
Уа, биіктер!
Көңілім саған тартады,
Заман жүгі жаншып бітті арқаны.
Тылсымың бар тартатұғын өзіңе,
Бас айналар құдіретің бар тағы.
Өткірлік бар сенде жанар жасқанар,
Қасиетіңді қайдан ұқсын басқалар?!
Аласалық еңселерін езгенде
Адам біткен асқарлықты еске алар.
Биіктіктің біз білмейтін желі бар,
Оны биік самғай білген сол ұғар.
Шырқау құзда бүршік жарған шынарға
Шыңыраудан шыға алғандар жолығар.
Биіктермен асқақ еңсем, зор үнім,
Биік жанған бір алаудың шоғымын.
Кешіре гөр, кең дүние, қара жер,
Аспан жаққа ауа берсе көңілім!
Өз биігіңде көзіңді жұм – өлсең, Жыр,
Көзім, көңіл жетпесті көр – көрсең бір.
Базбіреулер биіктігін әлемнің
Вавилондық мұнарамен өлшеп жүр.
Өлең-ботам өзге емшекті де иіткен,
Соған қас боп, сызданғандар күйіктен;
Мені мәңгі жоқ етпекші болсаңдар,
Лақтырыңдар шыңдай шырқау биіктен!
Сонда мені қарсы ал, жұлдыз, қара түн,
«Құлап келе жатыр, - деп, - бір нар ақын».
Бұ дүниенің бір биігін іздеумен
Таңсәріден талды менің қанатым!
Арманым жоқ – асқар тауым табылса,
Құзар шыңға құдіретті отым жағылса.
Шың басына қойып кеткен шырағым
Барша ғасыр қырқасынан шалынса...





Пікір жазу