24.07.2022
  122


Автор: Рахат Қосбармақ

ТАНЫМ

«Дүние-ай!» деймін –
Дүниенің бәрін сол сөзге
Сыйғызып жіберердей сызданып өңім, шіреніп.
Пенденің бәрі қазіргісінен болса өзге,
Тұрар еді әлем түнеріп емес, нұр еміп.
«Арман-ай!» деймін –
Армандарымның баршасын
Аспан-көкпенен астастырып-ақ тастардай.
Дегендей Дүние: «Сағымды қуып, шаршасын»,
Демімді бастым.
Бар жолым қалды басталмай.
«Жалған-ай!» деймін –
Жалғанның жалған екенін
Жаңалық етіп жариялағандай жаңа мен.
Сайқал-дүние көтеріп қашып етегін,
Алдамшы бояу жағып алыпты ақ әлем.
«Құдай-ай!» деймін –
Құдайды көзім көргендей,
Құрғыр жанарды «Құс жолы» жаққа ұзатып.
Тәңір-ай, сені тәрк етіп кетті-ау пендең кей,
Кімнің көз жасы – кірпігіме ілінген мұз-ақық?!
«Өмір-ай!» деймін –
Өмірге жаңа келгендей,
Өзімнің өртті деміме өзім тұншығып.
...Енді ойласам кеп,
Ем қонбай және емделмей,
Науқасы асқынған нас дүние екен ғой Тіршілік...





Пікір жазу