24.07.2022
148
АСПАНКӨЗ
Обалына қалған талай жас тәннің
О баста мен қара түннен қашқанмын.
Жыпырлаған жұлдыз толды көзіме,
Түнегіне қарай-қарай аспанның.
Қара маған –
«Бізге де от бергей!» деп,
Маңғазсынба,
Маған десең, көрмей кет!
Жүрегімде жұлдыз жаққан сөнбейді от...
Аспанымнан құлаған сол ақ жұлдыз
Маңдайыма жарасса ғой меңдей боп.
Жаз-мекенім – жалпақ жаһан Жер еді,
Ғалам мынау – ғарыш Көктің сенегі.
Жанарымды жұлдыздарға толтырып,
Жалғыз өзім кезіп кеткім келеді.
Көк-Тәңірі көкірегімнен теппеді,
Жер-Жаратқан: «Жетесіз ұл, кет!» - деді.
Өз көзіме жұлдыз іздеп жүргенде,
Өшіп қалды жұлдыз біткен көктегі.
Мұнарамды Мұңалжармен мұңдасқан
Мұндар пенде қор қылды елең қылмастан.
Жанарымнан жай ұшыра жалт еткен
Жұлдызымды жұтып жатты түнгі аспан...