24.07.2022
  142


Автор: Рахат Қосбармақ

АҚТЫҚ ДЕМ

Қақ маңдайға қара балта қадалды –
Беу, тіршілік,
Жан берісіп, жан алды.
Елеп-ескер, ей, тәкаппар Дүние,
Жатырыңды жарып шыққан балаңды!
Күллі әлемге күле қарап көгіс НҰР,
Күлгін түсті шілтер-ауаға оранды.
Ұстарадай тілгіледі тілсіз үн,
Ұғынсаңшы рухымды, Мұңсызым!
Тұрағы жоқ ТҰЛ-СЕЗІМІМ ғаламның
Тұтас ерітердей болып тұр сызын.
Сигектетіп сідіктерін шаптырды
Сірне-сірне бетіме кеп кіл шыжың.
Әбжыландар кіндігімнен жұлқылап,
Әлі күнге миды шағар бір СҰРАҚ.
Ала анау бір алқызыл тіс, ақ иек
Шаштарымды шайнап жатыр ұртына ап.
Қызыл тілге қыздырып кеп басады
Білеудейін темірлерін бір шырақ.
Бір кесек ет – бітеу жүрек жарылды,
Қан тамырлар қарс айрылып, қағынды.
Бүйрегім де бүлінген-ау, тұр тілсіз,
Табалаушы саусақтар да табылды.
Аңдаусызда шығып кеткен АҚТЫҚ ДЕМ
Алып кетті анау жаққа Жанымды.
Желкемнен ап сілкіледі Көк-Тәңір,
Жекелігі жалқы мұңдай Хақ Тәңір.
«Жалғыз-жалғыз жарты Құдай ең ғой» деп,
Жағамды да дар айырды жат тобыр.
Қақ төбеге қыл-сызық боп тартылды
Қақталды да қара жалын-отқа НҰР.
Ұшып кетті...
Ұмытылды бар әнім,
Ұсақтаған ұрпағыма қарадым –
Кенет мені ес тандыра таңғалтты
Кезінде өзім елемеген АДАМЫМ.
ҚАЙҚЫ БЕЛГІ қарықтырды көзімді,
Қарақұртқа жем боп сонда балағым...
...Ай-маңдайға айбалта кеп қадалды,
Онсыз да өзі дертті еді ғой,
Обал-ды.
Тәрк етті де тәнін жұмыр, жылбысқы,
Тәрк етті де тар шеңберлі ғаламды;
Менің ізгі АРМАНДАРЫМНЫҢ АНАСЫ
Меңдей болып көз ұшына жоғалды...





Пікір жазу