24.07.2022
  112


Автор: Рахат Қосбармақ

АЗАМАТТЫ АЯЛАУ

Мал өргенде тақта қырға,
Маң даланы тез бояп от;
Кесіп жолын жатқанында
Кедергілер кез мая боп –
Тұяғымен жара көкті,
Тұрысы бір нар пішіндей;
Ақ арғымақ аман өтті,
Аяғына қан түсірмей.
Жарық дүние жан ауыртып,
Жан біткенде жас қабырға;
Қарлы шыңдар қарауытып,
Қақпан-тасын тосқанында –
Тойың тарқап, тоналды бақ,
Тобыр кілең, қайда қалдың?!
Аман өтті ақ арғымақ
Аранынан айдаһардың.
Сығыр тағдыр сынар тағы,
Соқпағы мол сан бұралған.
Құлаш-құлаш қыл арқанын
Құрғанында тор қып алдан –
Өлуге адам жаралған-ды,
Қалай аман қалар жаның?!
Ақ арғымақ аман қалды
Алдауынан арамзаның.
...Жетісесің, жел, несіне-ай?..
Жоғалған көл... жоқ қайықшы...
Аман өте бермес ұдай,
Арғымақты сақтайықшы!..





Пікір жазу