24.07.2022
  107


Автор: Рахат Қосбармақ

ТАЙТАЛАС

Аламысың аялай арманыңның ақ гүлін?!
Білегіне сенгеннің біреуі де жоқ бүгін.
Ара құнын аңғара алдың ба сен, айнам-ау,
Тіл үйірер тәтті мен тіс сындырар қаттының?!
Өмір деген – төбелес, басқа ештеңе емес ол,
(Ебідейін екпіндеп желке тұстан жел есер).
Қарап тұрсаң, қарғам-ау, сорлылардың сөресі
Жүлде бермес жүйрікпен қалай-қалай теңесер?!
Заман азды-ау, ағайын, заман азды, заң тозды,
Таныдым мен тағы бір тауды шаққан тар кезді.
Жалбаң қағып тартқанда жабы тұяқ жамандар,
Жалп еткізіп ерінен кетті аударып жампозды.
...О, түсімде, түсімде хас тұлпардың қасына
Қаптал жақтан қақпайлап, шапты мәстек қосыла...
...Дарындардың, Құдая, келешегін ойласам,
Шырт ұйқымнан шыңғырып оянамын шошына...





Пікір жазу