24.07.2022
  117


Автор: Рахат Қосбармақ

«Антыма, - деуші ем, - берікпін»...

«Антыма, - деуші ем, - берікпін»,
Аяқ астынан желіктім.
«Кек аламын» деп өзіңнен,
Кемақыл-ойға еріппін.
Таңдаған жаным таз болды,
Табалап дұшпан, мәз болды.
«Еркекпін» қанша десем де,
Ерік-жігерім аз болды.
Адасқан тағдыр – қорлық-ау,
Айырылған алдан жол мынау.
Айдаладағы біреуге
Айырбастағандай болдым-ау.
Жоқ еттім бәрін, жоқ еттім,
Жолым да бүгін бөлекпін.
Аяққа таптап арыңды,
Асыл сезіміңді қор еттім.
«Мазақ қып мені көп күнге,
Мақсатқа, - дейсің, - жеттің бе?!».
Шынымды айтсам, шынарым,
Ондай бір ойым жоқ мүлде.
Дидарың ұқсап шоқ гүлге,
Диуана мені еттің де;
Қаратып алып өзіңе,
Қайтадан жеріп кеттің бе?!
Сырымды терең ұғарсың,
Сыңсып бір сосын жыларсың.
Қызғаншағым-ау кішкентай,
Қия алмайтұғын шығарсың.
Елдің сөзіне ермеймін,
Ешкімге сені бермеймін.
«Санамнан мәңгі сүртемін»
Деген сөзіңе сенбеймін.
Өзің едің ғой ақ арман,
Өшпеуге мәңгі жаралған.
Сен ұмытсаң да, жарығым,
Мен өшіре алман санамнан!
Жақсы көрсе, адам шын айтар,
Жан сырым талай мұңайтар.
«Жаным-ау, көкем!» деп маған
Жарығым, енді кім айтар?!
Сен болып қана атар күн,
Сен болып қана батар күн.
«Көкем-ау!» деген сөзіңді
Көрімде де естіп жатармын.
Мен ұмытар деп еш күтпе,
Қоя алмаймын мен еш нүкте.
Ұмытылмайды ол сәттер,
Ұмытылар күндер кештік пе?!
Әуендей еді-ау әр үнің,
Дариядай еді-ау дарының.
Жазылмай кеткен дастаным,
Жаңылмай тапқан жарығым!
Жыраққа жетер жыр-үнім,
Жығылтқан асау қыр ұлын.
Қана алмай кеткен тұнығым,
Тоя алмай кеткен шырыным.
Бір адамдай билігің,
Мың адамдай сыйлығың.
Қызыл тілде жүйрігім,
Қызғалдақтай сүйрігім.
Топ ішінде тұйғыным,
Қылыш мінез қиғырым.
Пенделерге қор болды-ау
Періштедей пиғылың.
Ақылыңды айтып ақынға,
Лапылда, жаным, лапылда!
Өмірге өрт боп келдің сен,
Бар оған және хақың да!
Асылтас сынды атың да,
Ақ алмас сынды затың да.
Қайрат бар сенде –
Бітпеген
Қазақта ешбір қатынға.
Түрегел, жаным, түрегел,
Жүрегіңе гүл өнер.
Түн түндігін көтеріп,
Күн келерін біле бер!
Жасын түскендей жай күнім,
Аяқ астынан айныдым.
Кеше алсаң мені, кеш, қалқам,
Кейіндеу қалсын қайғы-мұң.
Ал енді бүгін бекер, кеш,
Алдыңда кінәм өтелмес.
Жасаған мынау күнәмді
Жан баласы да көтермес.
Шаттық пен қайғы – жүгендес,
Шамырқансаң да, түк өнбес.
Көңілің енді жібімес,
Көз жасың мені жібермес!
Қайткенде бұлтты сөгілтем,
Қабарған мұңды сейілтем?!
Қара жер сынды қайғыңды
Қайткенде, жаным, жеңілтем?!
Тәңірім неге көрмеді,
Тәрк етіп сені, жерледі.
Талантыңды мол ғып бергенше,
Тағдырыңды кең ғып бермеді?!
Өмірдің қиын жалғаны,
Өкініш болып қалғаны.
Орындалмайды екен ғой
Адамның ешбір арманы.
Аспанымды бұлт торлады,
Айықпас қайғы орнады...
...Теңгермен сені ешкімге,
Тек соны білсең, болғаны...





Пікір жазу