24.07.2022
  98


Автор: Рахат Қосбармақ

Өксітті мені ерте өмір...

Өксітті мені ерте өмір,
Қайран да жүрек – қамкөңіл.
Үзіліп түсті абайсыз
Үлбіреп тұрған ерке гүл.
Шерменде-көңіл, шерменде,
Шексіз сағымға ергенде;
Қауызын ашты ол қайтадан,
Қалқам-ау, сені көргенде.
Жанардан жасты жасырдым,
Жаутаңдай қарап, тосылдым.
Қайтадан саған бас иіп,
Қайтадан саған бас ұрдым.
Ол гүлді ешкім көрмейді,
Естімес ешкім «гөй-гөйді».
Амал не, жаным, амал не,
Өткен күн қайтып келмейді!
Дүниенің керең құлағы
Тас мылқаулығын қылады.
Шығарып салып тұрғанда
Шыңғырып жаным жылады.
Көңілім көлдей бұзылды,
Көзіме моншақ тізілді.
Қайта оралмайтын көктемдей
Қар жапты қайтқан ізімді...
Он бесінен бір толып ай,
Ойларым ойран, о, Құдай!
Күлкісі кемшін дүние-ай,
Күйігі басым өмір-ай!..





Пікір жазу