24.07.2022
  95


Автор: Рахат Қосбармақ

Қиылып бала жанар көп қарады...

Қиылып бала жанар көп қарады,
Көргеннен көңіл шіркін тоқтамады.
Өмірден қол көтеріп кеткен жанды
Өзіне тартатындай от жанары.
Сазындай аруананың салған боздап,
Бір әуен жүрегімді қалған қозғап.
Көзінен тұрғандайын от ұшқындап,
Көзінен жатқандайын арман қоздап.
Қырқылған қос қанаты тырна сынды
Көңілім алабұртып, бір басылды.
Жалт еткен сол найзағай-жанарлары
Жаныма бір құпия сыр жасырды.
Сол көздің мөлтең сырын көркем ұғып,
Жанымнан бір алапат сел төгіліп;
Түлкіге түтін салған секілденіп,
Түсті бір жан-дүнием төңкеріліп.
Белгісіз батқанымды мұңға сондай
Жеткізе аламын ба жырласам да-ай?!.
...Булығып тұрдым сонда діріл қағып,
Бұрқанған сезімімді бір баса алмай...





Пікір жазу