ӘКЕММЕН ӘҢГІМЕ
Әкем менің...
Әйгілі адам емес-ті,
Қатарымен қарайлас боп, тең өсті.
Қара шалдың қарапайым бейнесі
Күндер өте тартқандай ма-ау көмескі?!.
......................................................................
Әкем менің!..
Жеткерушім, жебеушім,
Қысылғанда Қызырымдай демеусің...
Соқыр жаны сорлы Тәнін сүйреген
Мынау жалған Тозақ деген дүниеден
Ол жақтағы рухтарға ең ұлы,
Рухтарға мәңгі тозбас өмірі
Дұғай сәлем дегейсің!
Сәлем де, Әке!..
Сен неге үн-демейсің?!.
«Мұндағы өмір – мұндар тірлік» дегейсің,
(Ондағылар маған да арнап жер ойсын).
Сәлемімді ап, бір-біріне жүгіріп,
Өздерінде ӨМІР барын ұғынып,
Ол жақтың да тынысы бір кеңейсін.
Дұғай сәлем дегейсің!
Сәлем де, Әке!
Сен неге үн-демейсің?!.
...Сезем, Әке,
Сен де жоқсың ол жақта...
(Сөздерімнің салқын ойын салмақта).
Барған жоқсың сен де ол жаққа, ол жаққа,
Бара алмаймыз тәннен биік ЖАН жоқта.
Екі арада (Күрсін, көңіл, күрсінсең)
Көптің бірі – көпір болып жүрсің сен.
Сен де, мен де бара алмаймыз ол жаққа...
...Сонда ол ӘЛЕМ құпия күйі қалмақ па?!
Аласұрып қанша жүрдік Жер жақта,
Ұқсап мәңгі жел айдаған қаңбаққа?!
Енді қанша жүреміз?!.
Табанымнан өніп жатыр күрең із,
Күрең іздер... күрең іздер... күрең із...
Қалдырғанға соны,
Мәз боп күлеміз.
Қашан олар түседі екен нақ жолға –
ТӘҢІР жақтан тартылатын АҚ ЖОЛға?!
Айтшы, Әкетай, енді қанша жүреміз,
Қашан ерір сірескен бұл сіре-МҰЗ?!
Қара жерді таптап қанша күрең із,
Тырнақшаның ішінде
Енді қанша, қанша «өмір сүреміз»?!
Әкем менің...
Түңілгенде тіреу – сен,
«Ақ маңдайың ашылсын!» деп тілеуші ең.
Бұл жақта оның ашылмасын сеземін –
Жоғарыдан маған қарай түсетін
Аппақ НҰРдың күтіп жүрмін кезегін.
Қақ айырып қап-қараңғы ҚАЙҒЫны,
Ақ маңдайым ашылады қай күні?!
Ізгілігі кештеу келер ғасырсың,
Қайтем?!. Күтем...
Күтем-дағы...
Ашылсын!..