24.07.2022
  293


Автор: Рахат Қосбармақ

ӘКЕ ҚАБІРІ БАСЫНДАҒЫ АНТ

Армысың, Әке!
Басыңа келіп тұрмын мен,
Төбел төбеге айналарыңды кім білген?!
Дүрбелең тірлік, дүниеден мынау қол үзіп,
Тірілер өстіп топырақ болар бір-бірден.
Ардағым менің!
Сағынып келдім өзіңді,
Шерленіп жүрек, шешіле егіліп-езілді.
Сағынып келдім мейірге сараң өмірден
Саған ғана тән Мейірім атты сезімді.
Ақ Папам менің!
Айтылмай қалған дастаным,
Ақиық шыңдар аласа сенен, асқарым.
Аңсап келдім ғой, алдымнан неге, жан Әке-ау,
Айқара құшақ ашпадың?!
Алдымнан неге айқара құшақ ашпадың,
Аңқылдап жеткен көңілді ортайтып неге тастадың?!
Жеті қат жерге жетпей жатыр ма, жан Әке-ау,
Ботаңның мынау боздатып салған ащы әні?!
Өкпелімісің өмірге әлде әндеткен,
Беймаза мынау тірлікте тыным бар деп пе ең?!
Көміп кеткен соң, көз қырын бірі салмаған
Тірілерге әлде бар ма өкпең?!
Аждаһа-ажал суырған сәтте қылышын,
Аяулы Әкем, ерте үзілді-ау тым тынысың.
Мезгілсіз кеттің.
Мезгілің жетті оянар –
Ояншы, Әке!
Өлген жоқсың сен – тірісің!..
Жаратпай қалма «Жасықсың» деп сен – күрсінсем,
Арманым аз-ды – аймалап қазір бір сүйсең.
Өлеңімде де өмір сүріп сен жатырсың,
Тірісің, Әке!
Жүрегімде де жүрсің сен!..
...Асығыс келдім, аттанып барам асыға,
Жанымдағылардан жасымды сүртіп жасыра.
«Келер, - деп, - бүгін», жаутаңдап күтіп жатқанда
Кешірім ет сен – келе алмай қалсам басыңа!
Астана жаққа аттанып барам, Ақ Папам,
Әруағыңа тағзым етіп, қоштасам.
Кешірім ет сен – алыста жүріп, жол түспей,
Беймаза өмірде бір келуге уақыт таппасам.
Аттанып барам, асығыс болдым, әттеген,
Көкіректе қалды айтарым әлі көптеген...
Ақ Папам менің!
«Адам бол» деуші ең әрдайым,
Аман болсам тек, адам болуға серт берем!





Пікір жазу