24.07.2022
  84


Автор: Рахат Қосбармақ

Жаз нұрындай жанымызда жүргенде...

Жаз нұрындай жанымызда жүргенде,
Қайран әке, қадіріңді білгем бе?!
Өміріңе өкпе-налаң жоқ жандай
Кете бардың қош айтыспай бір демде.
Асқарлықтан айрылмаған қалпыңда,
Осылайша құлады бір нар тұлға.
Елі-жұрты еңіреп көп жылады,
Қалды аңырап алты ұл, үш қыз артында.
Ызғар шашқан суық хабар қаралы
Күллі аймаққа жай оғындай тарады.
Анамыздың жоқтау айтқан ащы үні
Қан жылатты жүректерді жаралы.
Тоқтап мәңгі өмір-күрес майданы,
Бір тіршілік жердің астын жайлады.
Желкемізден жерге тығып жетімдік,
Көлдей тұнық көңілдерді лайлады.
Көрін қазып, қара жерге көм, мейлі,
Қайран көңіл қазасына сенбейді.
Сорлы жүрек бар даусымен ышқынды:
- Өлмеші, Әке, жетім болғым келмейді!





Пікір жазу