24.07.2022
  123


Автор: Рахат Қосбармақ

АШЫҚ АЙТУ

Ей, дүние!
Құлақ түріп, мүлгіп қал!
Бұл жалғанда мөрдей анық шындық бар:
Шыңыраудан шыңға шыға алмайды
Шыбын жанды шырқыратқан шындықтар.
Шындық шіркін шырқап еді қашаннан?!
Барлық «бақыт» тек байлықтан жасалған.
Көңілімде көмбе болған көп сырды
Мен де ешкімге адал санап, аша алман.
Көсемсініп, көз алдайды кіл «мықты»,
Көр қара түн көрсетпейді түндікті.
Көре-көре, көрден де селт етпейтін
Көнбіс көңіл көп қинады шындықты.
Өзіне аян жанардан жас кеппесі,
Ертеңіне елінің көз жетпесі;
Тәтті үмітін жебемеген Тәңірге
Талайлардың таудай үлкен өкпесі.
Кім ұғады күлге айналған жүректі?!
Әмір түгіл, Тәңір бермес тілекті.
Арсыз күлкі, айғыр-кісінес, аң-мінез
Ақиқатты аярларға құл етті.
«Ақиқат» деп аталатын арнаны
Көзді тырнар көріністер торлады.
Ай нұрындай айнымалы жалғанда
Қолқаңда тұр Қорқыныштың қолдары.
Жасты жанар, жасық жүзден жасқанам,
Жағымпазға жаным мұздап, қас болам.
Теріс қарап, тез өтемін қасынан,
Талқан болар күн туар ма тас қамал?!
Мұндар дүние мұнар еміп, мұң тұнған,
Құдды барлық қуанышың құртылған.
Күле кіріп, күңірене шығатын
Күншіл ерін сыпсыңдасар сыртыңнан.
Көміп тастап күл-қоқысқа арманын,
Бәрі даяр көнуге Алла салғанын.
Көкбалақ ту – көрінісі шындықтың
Тұғырына тік тұратын бар ма күн?!
Қорғасынға балап қойдың тезегін,
Қанша күттік Ақиқаттың кезегін...
...Қарашы, әне, үнсіз шіріп жатыр, ә,
Қара емен де құрт жайлаған өзегін...





Пікір жазу