МАХАББАТ
«Адаммын» деп кім білсе өзін,
Ақылыменен саралап;
Махаббат деген гүл-сезім
Оянбағаны жаман-ақ.
Біреулер қанған мейірі,
Біреулер жүрген қаталап;
Опынып қалған кейбірі,
Ол – ұлы майдан Махаббат.
Біреулер кетер қарға боп,
Біреуді сомдар сұңқар ғып;
Жүрегіңдегі ол-дағы от –
Біреуге деген Іңкәрлік.
Біреуді сүйсең (ол – олжаң),
Жүрегіңді бер от орап.
Әрдайым таза болу заң
Адамға деген Махаббат.
Жүректің кілті – үн-тілсіз,
Қадірін біліп, күтіп аш.
Әрдайым болсын кіршіксіз
Адамға деген Ықылас.
Демеймін: «Сезім болады
Жаныңды әлдилеп, ұйытпаған».
Махаббат қозғау салады
Бар жүректерге ұйықтаған.
Ғашықтың тілі – жыр-семсер,
Қара тасты да ерітті.
Өмірдің өзі, білсең сен,
Махаббаттармен көрікті.
Ғашықтың жаны – гүл, сенсең,
Ғашықтың көңілі – қаяулы.
Өмірдің өзі, білсең сен,
Махаббаттармен аяулы.
Тірліктің тіні, тірегі,
Тамырлар, қандар торабы;
Жұмыр Жердің де жүрегі
Махаббаттармен соғады.
«Отан» деп жүрек соғады,
«Отан» деп таңдар атады ақ.
Бәрінен тұрсын жоғары
Отанға деген Махаббат.
Жалыны – бейне Күн қызған,
Жамалы – жарқын жұлдыздан,
Құрыштай берік шын Достық
Ақ Махаббатты туғызған.
Жатыр Жер, міне, жазылып,
Бейбіт күнменен тыныстап...
Махаббат деген – қазық, ұқ,
Әлемді күллі тұр ұстап!