24.07.2022
  105


Автор: Рахат Қосбармақ

ҮКІМ

Тітіреткен жаһанды Заһар патша,
Айбары зор, ақылы аз, амал қанша?!
Қара аспанын қайғының орнатады
Қара жүрек зәуімен қаһарланса.
Айналасы хан сырын білетұғын –
Таныған-ды тағының бір өкілін.
Араны обыр, ашқарақ билеушінің
Алтын көрсе, ажары кіретұғын.
Жан шыдамас жауыздың тозағына,
Қарамайтын – адал ма, жазалы ма?
Алтыны бар аймақтың – соры қалың,
Ілінетін сұм патша назарына.
Момын елдің көз жасын жауыпты бұлт,
Кегі оянып, жауызға жауықты жұрт.
...Ашкөз патша азғана нөкерімен
Отырған-ды ішіп-жеп, сауық құрып.
Үрейлентпек болғанмен үріккенді,
Қатал патша қаһарға іліккен-ді –
Түсі суық, мұздай боп қаруланған
Он шақты адам шатырға кіріп келді.
Іштегілер ілкіде қалды сасып,
Жүре берді оқиға қанға ұласып.
Аз нөкерге алты адам ес жиғызбай,
Қағып алып қаруын, алды басып.
Байлап-матап тастады нөкерлерін,
Жер құштырып қарсы қол көтергенін.
Дөңгеленіп дүние жүре берді,
«О, өмір-ай, алдамшы, бекер ме едің?!».
Бағалатып әмірші нарқын биік,
Айта алмады өсиет халқын жиып –
Ел үкімін екі ұлы орындады,
Көмейіне еріткен алтын құйып.
Ел үкімін орындап екі заңғар,
Кегі қайтты кеудеде оты барлар.
- Өмір бойы осыған тоймап едің,
Енді разы шығарсың?! – деді ұландар.
Тағдыр – мерген, атқанын шын құлатқан,
Мың күн көздеп мылтықты, бір күні атқан.
Атақ, байлық, алтынның жауыз құлы
Ажалын да тапты сол жылтырақтан.
Бір түйінді осынау жайдан ұқтым:
Жазсын, мейлі, құлашын айға мықтың;
Қанша әулие болса да қаһары зор,
Жібермейді қарғысы жай халықтың!..





Пікір жазу