24.07.2022
  135


Автор: Рахат Қосбармақ

МАХАББАТ ПЕН ЖОМАРТТЫҚ

Жер-жиһанды қанға бояп, жаулаған
Ақсақ Темір атын білмес бар ма адам?!
Қатал патша жүріп өткен жерінде
Қалып жатқан қасірет үні зарлаған.
Жан баласы қайтара алмай қаһарын,
Жер-дүниеге жайған сөйтіп атағын.
Айбарлы әмір алды жаулап тағы да
Атышулы сұлу Шираз шаһарын.
Қалып жатты үй орнында үйінді,
Қанша боздақ қыршынынан қиылды.
Күл етті де көркем қала сәулетін,
Әмір Хафизді әкелуге бұйырды.
Жарлық шықса, жан қалар ма жарлыда,
Қаһарлы әмір сөзі жерде қалды ма?!
Алба-жұлба, киімдері жыртылған
Хафиз келді қатал патша алдына.
«Хафизбісің, қайран қылған елді ісің?!
Кемел сәулет, көркем тұлға, кең мүсін –
Қос қаланы бір сұлудың меңіне
Бермек болған жомарт шайыр сенбісің?!
Бұхара мен Самарқандай шаһардың
Жаямын деп даңқын, «жауыз»атандым.
Айырбастап бір сұлудың меңіне,
Қаралауға қалай ғана бата алдың?!
Жыр жазасың білмей жөнін, байыбын,
Біле білсең,
Бұл – алдымда айыбың.
Басыңды алам сол ғазалың үшін мен,
Ақтық сөзіңді айтып қал,
Ал, шайырым!».
«Әміршім-ау, - деді сонда ұлы ақын, -
Махаббат, бұл – мәңгі жырлар мұратым.
Мен өлермін, өлкесінде өлеңнің
Қалар бірақ мәңгілікке ұлы атым.
Ешқашанда өшпес шайыр есімі,
Ашық маған күллі жүрек есігі.
Ең болмаса шапаным жоқ бір киер –
Асып кеткен қолы ашықтық кесірі.
Күнімді мен жыр жазумен өткізгем,
Жомарттық қой мұндай күйге жеткізген.
Еркіңізде «Бас аламын» десеңіз,
Қарсыласар қайрат-шама жоқ бізден».
Жомарттық-ай!
(Жоқ нәрсені бар қылды),
Әмір сонда Хафизді аман қалдырды.
Тек халықтың санасында осы аңыз
Ғасырлардан-ғасырларға жаңғырды.
Ақын әркез аяулы ғой еліне,
Хафиз – жұлдыз поэзия көгіне.
Еһ, Махаббат!
Екі бірдей шаһарды
Құрбан еткен бір сұлудың меңіне...





Пікір жазу