24.07.2022
  423


Автор: Рахат Қосбармақ

ДАРЫН

(Меңдекеш Сатыбалдиевке)
«Бәйге атындай тілемейтін тақымды
Қызыл тілге жүйрік» дейді Ақынды.
Сыйынғандай әруағыңа ылғи мен
Мың мәртебе қайталаймын атыңды.
Шаңырағың тұр әзірге шайқалмай,
Әруағың қабыл алсын қайтармай.
Өзің жайлы ой айта алмай келемін,
«Жасық жырды арнама» деп айтардай.
Егіледі жанарларым жасаурай –
Ерте сөндің, шұғылаңды шаша алмай.
Әншейінде тарпаң жырым алдыңда
Қалар жасып, жуасыған асаудай.
Ұрпақтарға үлгі болған ғұмыры
Дарын аз ба дәл өзіңдей, жыр ұлы?!
Бар секілді жусан исі жырыңда,
Бар секілді тұлпарлардың дүбірі.
Жырларыңда тұнықтық бар ақ таңдай,
Көз алдымда дүние аунап жатқандай –
Жанарында жарқылдаған жалт ойнап,
Арғымақтар ағып барады ақ маңдай.
Көз алдымда сансыз сурет не түрлі –
Ерке самал қытықтайды бетімді;
Атыраудың ақ толқыны аймалап,
Аяғымды сүйіп жатқан секілді.
Көңіл шабыт шәрбатынан татады,
Жас жүрегім – жалынды ойдың отаны.
Енді бірде астаң-кестең кеудемде
Найзағайлар жарқыл қағып жатады.
Саусақтары табынтатын Тәңірді
Жырларыңнан Абыл күйі ағылды.
Енді бірде Маңқыстаудың аптабы
Отты леппен өтер шарпып жанымды.
Әр жырыңда елдің дәмі-тұзы бар,
От-жалын бар – қарт түгіл, жас қызығар.
Әр жырыңда Әміренің бар үні,
Махамбеттің семсерінің жүзі бар.
Қайбір сәтте көңіл қажып, қалғыдым,
Қайғы құрсап, жайлап алар жанды мұң.
Әр өлеңің жүрегіме ән құйып,
Түрлі күйге түсірді ғой әр жырың.
Иығыңда ауыр жүгі ғасырдың,
Ақындарша аласұрдың, ашындың.
О, қазақтың қайталанбас перзенті,
Дала берген дарыныңа бас ұрдым!





Пікір жазу