meta charset="utf-8"> Қазақша портал

  24.07.2022
  134


Автор: Рахат Қосбармақ

ӘРУАҚТАР АЛДЫНДА

Қарабайыр тірлігімнің қалыбы
Қанжілік қып қажытса да жанымды;
Асқақ болып ақиқат пен Ар үні,
Әруақтар, сатқаным жоқ қанымды.
Исі аңқыған мінезінен жөргектің
Ерке емеспін, естиярмын ес білген.
Талассам да, тас лақтырып көрмеппін,
Керіссем де, кетіскем жоқ ешкіммен.
Мәңгі байлық санағам жоқ мал-жанды,
Асқарға емес, қарап өстім аспанға.
Алданыш қып көргенім жоқ арзанды,
Албырттықпен ағат аяқ бассам да.
Көкірегін бір алапат күй кернеп,
Сақта, Тәңір, көтергеннен көкке өзін!
Күшті алдында күйім кетіп, күйбеңдеп,
Қу қарынға құл болған да жоқ кезім.
Қайтем, баба, зәредейді зор етіп,
Дос дегенім шығып жатты дұшпан боп...
Есе кетіп, ер басымды қор етіп,
Көрінгенге көк желкемді тосқам жоқ.
Атпай қалсын арай шашқан ақ таңым,
Жалған айтсам, жалаң басым жарылсын;
Қалағанымды алу үшін, қарттарым,
Қасиеттіден аттағам жоқ – нан ұрсын!
Ата-баба!
Бейуақыт боздасам,
Бейпіл көріп, санамағын сен өгей.
Әлім білмей әруақты қозғасам,
Жерге кіргіз жебедей!..
Өкпек желдің өтіне өнген өжет гүл
Өмірінің қысқалығын сезе ме?!
Кеудемдегі кіп-кішкентай көжектің
Өтінемін – дүрсілдерін тежеме!..





Пікір жазу