КҮЗГІ БҰЛТТАР
Шұбатылған шұбар бұлттар –
Шудаланған жүн секілді.
Сыңайынан сыр аңдып қал:
Сыңси шыққан үн секілді.
Сыңси шыққан үні секілді
Керуен тартқан көші-қонның.
Тастай ауыр зілі секілді
Тағдыр тартқан несібеңнің.
Үздіккен бір үн шығады,
Үн шығады бұл бұлттардан.
Тұмса сезім тұншығады,
Түнгі аспандай мүлгіп қалған.
Аламанның атағы ма,
«Ақтабанда» аласұрған?!
Қаһандардың қаһары ма,
Қақ тұрғызған қара судан?!
Жалпақ елдің зары ма әлде,
Жалтақ «ерге» күні қалған?!
Албырт ердің арыны әлде,
Ар-намысты жығып алған?!
Әйтеуір бір үн келеді,
Әр жүрекке ән боп дарып.
Көкірекке жыр бөледі,
Көңіл сырын салды ақтарып.
Көк күмістен өрген белдік
Құс жолы – бір құт-ханшадай.
Сезімдерді сергелдең ғып,
Сейіледі бұлттар солай.
Көкірекке жыр бөледі,
Көңіл сырын салды ақтарып.
Уа, адамдар, Күн келеді,
Күн келеді қалбақ қағып...