24.07.2022
165
АҚ ПЕН ҚАРА
Кімге ұнамай, кімге ұнадым?!
Түр-түсімді ел біледі.
Сипаттаса құрбыларым,
«Қара жігіт» дейді мені.
Ат қояды ата-аналар,
Әркім есім еншілейді.
Шақырғанда жақсы ағалар,
«Қара бала, келші» дейді.
Көңіліңді түсінеді,
Солар сені зорайтады –
Таныстырса кішілері,
«Қараторы» деп айтады.
Тілі неткен ызғарлы еді,
Бейнемді дәл жасапты айқын:
Бала күнде қыздар мені
«Негр ғой» деп мазақтайтын.
Ата-анаға бейкүнә екем,
Ата-анаға аламыз ба –
«Ақ Ршан ғой» дейтін әкем,
«Аппақ» дейтін анамыз да.
Айып па екен қаралығым,
Жүрегімде жанғанында от?!
Сол қап-қара бала бүгін
Жүр бір қыздың арманы боп.
Құдай берген пішін қара,
Боянғам жоқ қара майға.
Қара деген – түсім ғана,
Жүрек аппақ,
Жарамай ма?!.